Қазақстандық агенттік Еуропалық инженерлік білім беруді аккредиттеу желісінің (ENAEE) уәкілетті ұйымдарының арасында үздік деп танылып, жоғары марапатқа ие болды. «ENAEE Authorized Agency Award 2024» байқауының нәтижелері бойынша инженерлік білім сапасын қамтамасыз етуге және инженерлерді даярлауға қосқан елеулі үлесі үшін бірінші орын иеленді.

ENAEE – Еуропадан, Оңтүстік және Солтүстік Америкадан, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядан 20-дан астам агенттіктерді қамтитын инженерлік білім беру бойынша жетекші еуропалық аккредиттеу желісі болып табылады.

Орталық Азия білім беруді аккредиттеу қауымдастығының (CAAAE) президенті, профессор А.Әбжаппаровтың айтуынша, ENAEE байқауы алғаш рет өткізіліп отыр және оның баламасы жоқ. Жоғары марапат CAAAE-нің жетекші ұстанымы мен беделін Еуропалық жоғары білім саласында  мойындау болып табылады. Ол 2023 жылдың желтоқсан айында KAZSEE – Қазақстандық заманауи (элиталық) білім беру қауымдастығынан, Алматы Келісімі аясында, Орталық Азия білім беруді аккредиттеу қауымдастығына өзгертілген еді. Қауымдастықтың қызметі Орталық Азияны Еуропалық Одақпен интеграциялауға бағытталған, халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды ғылыми-зерттеу хабына айналдыру жөніндегі бастамасын толығымен қолдайды.

CAAAE университет түлектерінің халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие болуын және Қазақстан мен Орталық Азиядағы білімнің ең жоғары халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етуге тырысады.

https://egemen.kz/article/371644-otandyq-agenttik-marapaty