САААЕ Мадридтегі ENAEE Бас Ассамблеясында Орталық Азияны таныстырды
2025 жылғы 23–24 қазанда САААЕ Испания Инженерлік институтында (Мадрид қ.) өткен ENAEE Бас Ассамблеясының отырысына қатысып, Орталық Азияны таныстырған жалғыз аккредиттеу агенттігі болды.
2025 жылғы 23–24 қазанда Инженерлік білім беруді аккредиттеудің еуропалық қауымдастығының (ENAEE) толық құқылы мүшесі болып табылатын Орталық Азия білім беруді аккредиттеу қауымдастығы (САААЕ) Испания Инженерлік институтында (Мадрид қ.) өткен ENAEE Бас Ассамблеясының кезекті отырысына қатысты.
САААЕ инженерлік білім сапасын қамтамасыз ету саласындағы ең ірі халықаралық алаңда Орталық Азияны таныстырған жалғыз аккредиттеу агенттігі болды.
Бас Ассамблея бағдарламасына инженерлік білім сапасын бағалау әдіснамасының өзекті мәселелері және EUR-ACE® Label халықаралық сапа белгісін беру рәсімдері жөніндегі семинар енгізілді. Семинар барысында қатысушылар білім беру бағдарламаларын бағалаудың практикалық кейстерін және халықаралық аккредиттеуді дамытудың заманауи тәсілдерін қарастырды.
Пленарлық отырыста ENAEE Президенті Жозе Квадрадо Қауымдастықтың қызметі туралы есеп ұсынып, инженерлік білім беруді аккредиттеу саласындағы үздік халықаралық тәжірибелермен бөлісті және ұйымды одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады. Сондай-ақ қатысушылар ENAEE қаржылық есебін қарап, бейінді комитеттердің жаңа мүшелерін сайлады.
Отырыс барысында САААЕ қызметіне ерекше назар аударылды. ENAEE Президенті Жозе Квадрадо Орталық Азия елдерінде ENAEE стандарттарын ілгерілетудегі Қауымдастықтың жетекші рөлін атап өтіп, оның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, инженерлік білім сапасын өзара тануға және бірыңғай өңірлік білім беру кеңістігін қалыптастыруға қосқан үлесін ерекше атады.
Бүгінде САААЕ — инженерлік білім беру бағдарламаларына EUR-ACE® Label халықаралық сапа белгісін беру құқығына ие Орталық Азиядағы жалғыз қоғамдық-кәсіби аккредиттеу ұйымы.
Қазіргі уақытта бұл сапа белгісі Қазақстанның жетекші университеттерінің, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің, академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің және басқа да жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына берілген.
Халықаралық қызметін кеңейту аясында САААЕ Ташкент мемлекеттік техникалық университетінің, академик М. Осими атындағы Тәжік техникалық университетінің және KIMYO халықаралық университетінің (Ташкент қ.) инженерлік білім беру бағдарламаларына аккредиттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Бағалау рәсімдерінен табысты өткен жағдайда бұл білім беру бағдарламалары EUR-ACE® Label халықаралық сапа белгісін алуға үміткер бола алады.
Сонымен қатар САААЕ Орталық Азия аккредиттеу агенттіктерінің арасында алғашқы болып еуропалық университетке — Наварра университетіне (Испания) халықаралық аккредиттеуді табысты жүргізді, оның қорытындысы бойынша тоғыз білім беру бағдарламасына EUR-ACE® Label сапа белгісі берілді.
САААЕ-нің Орталық Азия білім сапасын қамтамасыз ету федерациясының (ЦАФ) операторы және еуропалық дерекқорлармен үндестірілген өңірлік ЦАФ Тізілімінің жүргізушісі ретіндегі қызметі де жоғары бағаға ие болды. Бұл бастамаларды іске асыру академиялық ұтқырлықты дамытуға, сапаны қамтамасыз ету жүйелерінің ашықтығын арттыруға және Орталық Азия жоғары оқу орындары түлектерінің біліктіліктерін халықаралық деңгейде тануға ықпал етеді.
